«СВЕТОЧ» БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ТӘРБИЕЛЕНУШІЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК ДАСТАРХАН

   21.12.2017

Бүгін Астана қаласынан 25 шақырым жердегі Малотимофеевка ауылында орналасқан «Светоч» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған мерекелік дастархан ұйымдастырылды. Астана қаласы Жастар саясаты басқармасының бастамасымен қолға алынған шара ойдағыдай өтті. 32 бала мереке қарсаңында ән мен биден шашу шашты. Тәуелсіздік расында осындай бал бөбектеріміздің еркін ойнап, мәз-мейрам боп шаттағаны емес пе?! Ұйымдастырушылар қызықты ойындар арқылы балалардың интеллектуалды деңгейін де байқап көрді. Жанарларында жалын бар балапандардың болашақта кім болғысы келетінін де сұрадық. Бірі дәрігер, бірі журналист болғысы келсе, араларындағы ең кішкентай қыз ізгілікті жырлайтын ақын болғысы келетінін айтты. Бөгенбай даңғылында орналасқан Октоберфест мейрамханасында жайылған ақ дастархан балалардың көңілін көкке көтергендей. Тәуелсіздігіміз – Тәңірдің сыйы. Сол сыйдың қадірі мен бағасын жете түсінетін азамат болсын деген игі тілегіміз бар.